Интернет желісіне қол жеткізу қызметтерін көрсетуге арналған ЖАРИЯ ШАРТ
Осы Жария шарт (бұдан әрі – шарт) оператордың телекоммуникациялық желісі шеңберінде байланыс қызметтерін, сондай-ақ, "Твой Новый Телеком" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – «Оператор») осы Шарттың талаптарына қосылған тұлғаға (бұдан әрі – «Абонент») өзге де технологиялық тұрғыдан байланысты қызметтерді көрсетудің жалпы талаптарын айқындайды. Шарт бойынша Абонент пен Оператор бірлесіп "Тараптар"деп аталады:
Осы Шартта мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:1) Абонент - осы Шарт жасалған жеке немесе заңды тұлға;
2) Абоненттік төлем - белгілі бір уақыт кезеңінде нақты тұтынған қызметтер көлеміне тәуелсіз Абоненттің төлеуге міндетті тіркелген төлем мөлшері;
3) Акциялық тарифтік жоспар - Оператор Абоненттерге ұсынатын жеңілдетілген шарттары бар тарифтік жоспар. Оны қабылдауға келісім берген жағдайда, Абонент қосылу мерзіміне, қолданылу мерзіміне немесе өзге де шектеулерге қатысты талаптарды сақтауға міндетті;
4) Аутентификациялық деректер – Интернетке қол жеткізу қызметін және (немесе) олармен технологиялық тұрғыдан байланысты қызметтерді алу құқығын растау үшін пайдаланылатын Абоненттің бірегей логині мен құпия сөзі (password);
5) Дербес шот - Оператордың биллингтік жүйесіндегі көрсетілген қызметтер көлемін, Абонент енгізген ақшалай қаражаттардың түсуі мен жұмсалуын, сондай-ақ, жасалған шартқа сәйкес Қызмет үшін төлем есебін жүргізуге арналған аналитикалық есеп тіркелімі;
6) Жеке кабинет – осы Шарттың қолданылу мерзімі ішінде Абонентке бөлінетін Оператордың интернет-ресурсындағы Абоненттің жеке бөлімі. Ол өзін-өзі қызмет көрсетуге, бақылауға, тарифтік жоспарлар мен қызметтерді басқаруға арналған автоматтандырылған интерфейске ие. Оған қол жеткізу Оператор айқындайтын сәйкестендіру деректерін (бірегей логин, құпия сөз, кодтық сөз және/немесе өзге де деректер) пайдалану арқылы Абонентті сәйкестендіргеннен кейін жүзеге асырылады;
7) Абоненттің дербес деректері – электрондық, қағаз және (немесе) өзге де материалдық тасымалдағышта тіркелген, жеке тұлғаға қатысты мәліметтер. Мұндай ақпараттың тізбесін Оператор бекітеді және Оператордың Сайтында орналастырады;
8) Серіктестер - Оператор кез-келген қызметтерді сапалы көрсету немесе ілгерілету мақсатында, сондай-ақ, Оператордың жұмыс процестеріне қызмет көрсету үшін Оператормен жасалған шарттар негізінде тартылатын тұлғалар;
9) Оператордың өкілі - (агент, дилер, дистрибьютор, сондай-ақ олардың субагенттері мен өкілдері) – Оператормен жасалған тиісті шарт немесе сенімхат негізінде келесі әрекеттерді жүзеге асыруға уәкілетті заңды немесе жеке тұлға:
· Оператордың Қызметтерін таратуды жүзеге асыру; және (немесе)
· Оператордың атынан байланыс қызметтерін көрсету туралы Шарттар жасау;
10) Оператордың сайты - интернет желісіндегі Оператордың ақпараттық ресурсы:
www.tntel.kz;
11) Стандартты қосылу - Абоненттің 1 (бір) абоненттік құрылғысын қосу болып табылады, ол Абоненттің үй-жайында/пәтерінде 20 метрден аспайтын кабельді ашық тәсілмен төсеуді, желіге қосылу үшін қажетті Windows операциялық жүйесін баптауды немесе Оператор ұсынған роутерді баптауды қамтиды. Стандартты қосылу кезінде Оператор орындайтын көрсетілген әрекеттер тізбесі толық әрі шектеулі болып табылады және басқа қызметтерді және/немесе қосымша жабдықты (роутерлер және т.б.) баптауды қамтымайды;
12) Тариф - байланыс қызметтерін тарификациялау бірлігінің құнының ақшалай көрінісі;
13) Тарифтік жоспар - Абоненттерге немесе абоненттердің белгілі бір тобына Оператор белгілейтін, байланыс қызметтерінің тізбесін, олардың құнын, ұсыну ерекшеліктерін және тарификациялау тәртібін айқындайтын тарифтік ұсыныстар жүйесі;
14) Оператордың хабарламасы – қызметтерді көрсетуге қатысты Абонентке жіберілетін Оператордың жазбаша, дауыстық немесе мәтіндік (Оператордың және/немесе бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып) хабарламасы;
15) Қысқа мәтіндік хабарлама (SMS, USSD) – Оператор желісінің және абоненттік құрылғының техникалық мүмкіндіктерімен рұқсат етілген көлемде белгілі бір ретпен терілген әріптерден және/немесе сандардан және/немесе таңбалардан тұратын ақпараттық хабарлама;
16) Тіркелген байланыс желілері арқылы Интернетке қол жеткізу қызметі – «Интернет» (бұдан әрі – Қызмет) – абоненттік құрылғыға белгілі бір базалық станцияның әрекет ету радиусы шегінде Интернетте жұмыс істеу мүмкіндігін ұсыну қызметі, бір аймақтан екінші аймаққа ауысқан кезде байланыс үзіліп, қайтадан орнатылады;
17) Есептік кезең - қызметтер көрсетілген және есепке алынған күнтізбелік ай.
Осы Шартта Қазақстан Республикасының Интернетке қол жеткізу қызметтерін көрсету туралы заңнамасында көзделген өзге де ұғымдар мен анықтамалар қолданылады.
I. ШАРТТЫҢ МӘНІ ЖӘНЕ ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1.1. Осы Шартқа сәйкес Оператор Абонентке Қызметтер көрсетеді, ал Абонент Оператор көрсеткен қызметтерді осы Шартта көзделген тәртіппен төлейді.
1.2. Осы Шарт жария болып табылады, осы Шарттың талаптары Қазақстан
Республикасының заңнамасына сәйкес әзірленген және Оператормен дербес белгіленеді. Абонент осы Шарттың II бөлімінің 2.2-тармағында көзделген тәртіппен толықтай қосылған жағдайда ғана Шарттың талаптары қабылдануы мүмкін.
1.3. Осы Шарт бойынша Абоненттің құқықтары мен міндеттері Қазақстан
Республикасының заңнамасында және осы Шартта белгіленген тәртіппен басқа тұлғаларға берілмейді. Оператор өз қызметін жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Әріптестерді тартуға құқылы.
1.4. Абонент Шартқа қосылған сәттен бастап Оператор Абоненттің дербес деректерін жинауды, өңдеуді жүзеге асырады, сондай-ақ, оператордың сайтында орналастырылған Абоненттердің дербес деректерін жинау, өңдеу және қорғау жөніндегі «Твой Новый Телеком» ЖШС-нің Саясатында көзделген өзге де әрекеттерді жүзеге асырады.
Абонент осы Шартқа қосыла отырып, Оператордың Абоненттің дербес деректерін жинау және өңдеу үшін, сондай-ақ, Абоненттердің дербес деректерін жинау, өңдеу және қорғау жөніндегі «Твой Новый Телеком» ЖШС-нің Саясатында көзделген өзге де әрекеттерді жүзеге асыру мақсатында үшінші тұлғаларды, оның ішінде Серіктестерді және (немесе) Өкілдерді тартуға құқылы екеніне өзінің келісімін береді және бұған қарсы емес екенін білдіреді. Оператор өз қызметі шеңберінде оларды Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарына сәйкес ғана, Абоненттің қосымша келісімінсіз уәкілетті органдарға және (немесе) Серіктестерге беруге құқылы. Абоненттің дербес деректерді жинауға және өңдеуге берген келісімін кері қайтарып алу Абоненттің жазбаша өтініші негізінде жүзеге асырылады. Операторда көрсетілетін қызметтердің тізбесі Абоненттің дербес деректерінің болуына байланысты, және келісім кері қайтарылған жағдайда Қызметтерді көрсету толық немесе ішінара тоқтатылуы мүмкін.
1.5. Осымен Абонент Жеке кабинетте көрсетілген телефон нөмірлеріне және е-mail мекенжайларына жарнамалық және ақпараттық сипаттағы хабарламаларды алуға (оператор мен серіктестің жіберуіне) өзінің келісімін береді.
II. ҚЫЗМЕТ
2.1. Қызметтің сипаттамасы:
2.1.1. Қызмет Абонентке Интернет желісінде деректерді Ethernet технологиясы (немесе оған ұқсас технология) негізінде құрылған жергілікті компьютерлік желілердің бірі арқылы, Абоненттің абоненттік жабдығы қосылатын желі арқылы беру мүмкіндігін ұсынады.
2.1.2. Интернет желісіне қол жеткізу арнасының өткізу қабілеті Абонент таңдаған Тарифтік жоспарға сәйкес шектеледі.
2.1.3. Абоненттің абоненттік жабдығы жергілікті желіге Ethernet технологиясы бойынша бір желілік кабель арқылы, Ethernet-пен үйлесімді желілік карта немесе адаптер көмегімен қосылады.
Абоненттің жабдығы TCP/IP хаттамалар жиынтығын қолдауы тиіс.
2.1.4. Қызмет өзінің сипаттамалары бойынша Абонент таңдаған Тарифтік жоспарға сәйкес көрсетілген өткізу қабілетінің Интернеттегі барлық ресурстарға дейін сақталуына кепілдік бермейді, себебі ол ресурстарға дейінгі өткізу қабілеті сол ресурстардың арналар/жабдықтарының өнімділік шектеулеріне толықтай байланысты. Интернетке қол жеткізу жылдамдығына Абонент жабдықтарының өнімділігі де әсер етеді. Оператор үшінші тарап факторларына әсер ете алмайды және өз желісінен тыс жерде жарияланған жылдамдықты кепілдендіре алмайды. Қызметтің өткізу қабілеттілігіне Қызметтің өткізу қабілетіне Оператордың шекаралық маршрутизаторына дейін кепіл беріледі.
2.2. Қызмет көрсету тәртібі:
2.2.1. Оператор өз шарттық міндеттемелерін Қызметті ұсынудың техникалық мүмкіндігі болған жағдайда ғана, тек нақты физикалық мекенжайлар бойынша (жеке тұлғаларға және заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметпен айналысатын тұлғаларға) орындайды.
2.2.2. Қызметтер осы Шарттың негізінде көрсетіледі. Аталған Шарт жария шарт болып табылады, оның талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әзірленген және Оператор тарапынан дербес белгіленеді. Шарт Оператор белгілеген немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында көрсетілген тәсілмен шарт жасасу туралы өтініш беру арқылы Абонент келісім берген сәттен бастап күшіне енеді.
2.2.3. Қызметті ұсынудың бастамасы болып Абонент құрылғысының Оператор желісінде авторизациядан өткеннен бастап есептеледі. Қызметке қолжетімділіктің жұмысқа қабілеттілігі осы Шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын Орындалған жұмыстар актісіне тараптардың екіжақты қол қоюымен расталады. Орындалған жұмыстар актісінде Қызмет көрсетудің басталу күні көрсетіледі.
2.2.4. Абонентке Оператордың сайтындағы «Жеке кабинетке» кіру, тарифті және абоненттік деректерді көру мүмкіндігі беріледі.
2.2.5. Қызмет туралы ақпарат Оператордың сайтында жарияланады. Қызмет шеңберінде Абонентке «Жеке кабинетке» кіру мүмкіндігі беріледі. Сонымен қатар, Абонент «Жеке кабинетте» немесе Оператордың сайтында көрсетілген ақпаратты аптасына кемінде 1 (бір) рет қадағалап отыруға міндеттенеді.
2.2.6. Егер Абоненттің сессиясы үзіліссіз 24 сағаттан артық уақытқа созылса, Оператор жабдығының жұмыс ерекшеліктеріне байланысты қысқа мерзімді үзілістер болуы мүмкін.
2.2.7. Оператор тек интернет желісіне қол жеткізуді ғана қамтамасыз етеді және өз желілері арқылы телевизиялық арналарды трансляциялау немесе ретрансляциялау қызметтерін көрсетпейді. Оператор Абонентті телевизиялық қызметтерді жеткізушіні және/немесе кез келген басқа мазмұнды таңдауда шектеу қоймайды. Абоненттің өтінімі бойынша Оператор өзі белгілеген тарифтерге сәйкес интернет желісінен осындай мазмұнды көру мүмкіндігі үшін медиаплеерді беруге құқылы. Бұл ретте Оператор осындай қызметтерді ұсынатын серіктестерінің қызметтерін пайдалануды ұсынуы мүмкін, алайда жеткізушіні таңдау құқығы Абоненттің өзінде қалады.
III. ТАРАПТАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ
3.1 Оператор міндетті:
3.1.1. Қажетті профилактикалық және жөндеу жұмыстарын жүргізу кезеңдерін немесе Оператор жабдығының ерекшеліктеріне байланысты туындайтын жағдайларды қоспағанда Қазақстан Республикасының заңнамасына, осы Шартқа және Қағидаларға сәйкес осы Шарттың қолданылу мерзімінде Абонент таңдаған қызметтерді (бұдан әрі – Қызметтер) күн сайын, тәулігіне 24 сағат, үзіліссіз пайдалануға ұсыну.
3.1.2. Абонентті жоспарланған профилактикалық жұмыстар туралы Оператордың сайтында хабарландыру арқылы немесе деректемелерде көрсетілген электрондық пошта мекенжайына хабарлама жіберу арқылы хабардар ету.
3.1.3. Қызметтерді ұсыну Оператордың кінәсінен тоқтатылған жағдайда, ақаулар мен зақымдарды жою жөніндегі ішкі рәсімдерге сәйкес жөндеу жұмыстарын жүргізіп, Абоненттің Қызметтерге қолжетімділігін қалпына келтіруге міндетті. Қызметтерді ұсынудың тоқтатылуы Абонент Оператордың техникалық қызметіне жүгінген сәттен бастап есептеледі.
3.1.4. Оператордың кінәсінен туындаған ақауларды жою оның есебінен жүзеге асырылады. Абоненттің кінәсінен туындаған ақаулар Оператор белгілеген тарифтерге сәйкес қосымша ақы төлеу арқылы жөнделеді.
3.1.5. Оператордың кінәсінен телекоммуникация желісіне қолжетімді болмаған жағдайда абоненттік төлемді қайта есептеуді жүргізу;
3.1.6.Қазақстан Республикасының жедел-іздестіру қызметі туралы заңнамасында және қылмыстық-процестік заңнамасында белгіленген жағдайлар мен тәртіп бойынша құқықты шектеу жағдайларын қоспағанда, Оператордың телекоммуникация желілері арқылы берілетін Абонент
ақпаратының құпиясын қамтамасыз ету.
3.1.7. Оператор мен Абонент арасында жасалған Шарт бойынша қызметтерге уақытылы төлем жасалмағаны үшін Қызметке қолжетімділік тоқтатылған жағдайда, Абонент берешекті өтеген сәттен бастап 24 (жиырма төрт) сағат ішінде Қызметке қолжетімділікті қайта қалпына келтіру.
3.1.8. Көрсетілетін қызметтерге қатысты мәселелер бойынша Абонентке тәулік бойы кеңес беру.
3.1.9. Абонент Оператордың кеңсесіне жеке басын куәландыратын құжатты көрсету арқылы тиісті жазбаша өтінішпен, сондай-ақ, Оператор анықтаған және Абонент қабылдаған басқа да тәсілмен келген жағдайда ағымдағы есептік кезеңдегі Жеке шоттың жай-күйі туралы есептік ақпаратты Абонентке ұсыну.
3.1.10. Абоненттің Жеке шотындағы қаражат мөлшеріне байланысты Абонентке көрсетілетін Қызметтер көлемін шектеу.
3.1.11. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттерді атқару қажет.
3.2. Оператор құқылы:
3.2.1. Оператордың Сайтында тиісті ақпаратты жариялау арқылы немесе Қысқа мәтіндік хабарламалар жіберу арқылы осы Шарттың талаптарына өзгерістер немесе толықтырулар енгізу. Егер Шарттың талаптарына енгізілген өзгерістер немесе толықтырулар жарияланған немесе Абонентке хабарланған күннен бастап 30 (отыз) күнтізбелік күн өткеннен кейін Абонент осы Шарттың 7.4-тармағына сәйкес Шарттан жазбаша түрде бас тарту туралы өтініш білдірмесе, Абонентпен қабылданған және келісілген болып есептеледі;
3.2.2. Тарифтік жоспарлардың және Оператордың өзге де Қызметтерінің талаптарына біржақты тәртіппен өзгерістер мен толықтырулар енгізуге немесе оларды жоюға құқылы. Бұл ретте Оператор Абонентті 30 (отыз) күнтізбелік күн бұрын Қысқа мәтіндік хабарламалар жіберу арқылы және (немесе) өзге де жалпыға қолжетімді тәсілмен (оның ішінде: Оператордың сайтында және (немесе) сату және қызмет көрсету кеңселерінде, және (немесе) Оператордың Серіктестері мен (немесе) Өкілдерінің кеңселерінде ақпарат орналастыру арқылы, және (немесе) Шартта көзделген өзге де тәсілмен) алдын ала хабардар етеді.
3.2.3. Тарифтік жоспарды және (немесе) Қызметті жойған жағдайда, егер Абонент Тарифтік жоспардың немесе Қызметтің жойылғаны туралы хабарлама алған күннен бастап 30 (отыз) күнтізбелік күн ішінде басқа Тарифтік жоспарға немесе Қызметке ауыспаса не осы Шарттың 7.4-тармағына сәйкес осы Шартты бұзбаса, Оператор Абонентті өз қалауы бойынша өзге Тарифтік жоспарға немесе Қызметке ауыстыруға құқылы;
3.2.4. Абонент осы Келісімнің шарттарын бұзған жағдайда, соның ішінде Абонент осы Келісімнің 4.3-тармағын бұзған жағдайда, бұзушылық толығымен жойылғанға дейін Қызметтерді көрсету толығымен немесе ішінара тоқтатыла тұрады. Егер бұзушылық жойылмаса, Оператор Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қызметке қол жеткізуді тоқтатады;
3.2.5. Қосымша қызметтер көрсету кезінде Абонентті бұл туралы жалпыға қолжетімді тәсілмен (оның ішінде: қысқа мәтіндік хабарламаларды жіберу арқылы және (немесе) Оператордың Сайтында ақпаратты жариялау арқылы) хабардар ете отырып, осындай қызметтерді ұсыну шарттарын белгілеуге құқылы;
3.2.6. Абоненттің Қызмет шеңберінде берешегі болған жағдайда, берешекті өндіріп алу үшін үшінші тұлғаларды тартуға, берешекті оларға беруге немесе сатуға құқылы. Бұл ретте Абонент Оператордың осы Шарт шеңберінде алынған және берешекті өндіріп алу үшін қажетті өзінің дербес деректерін осындай тұлғаларға ұсынуына келісім береді;
3.2.7. Абоненттің келісімімен Оператор айқындайтын Қызметтерді болашақ төлемдер есебінен ұсынуға құқылы. Оператор ұсынатын Қызметтердің құнын Абонент өзінің жеке шотын толықтыру және осы шоттан көрсетілген қызметтердің құнын есептен шығару арқылы төлейді, оған Абонент Қызметті іске қосу арқылы келіседі;
3.2.8. Оператор Абоненттің жауапкершілік аймағында ақаулар туындаған жағдайда қосымша ақылы қызметтерді орындау үшін мердігерді ұсынуға құқылы. Оператор мердігер көрсеткен қызметтердің сапасына жауап бермейді;
3.2.9. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Оператордың анықтамалық-ақпараттық қызметіне келіп түсетін кіріс қоңырауларды жазуды жүзеге асыруға құқылы. Абонент Оператор қызметіне қатысы жоқ мәселелер бойынша бірнеше рет жүгінген жағдайда немесе Оператор қызметкеріне құрметсіз қараған жағдайда, Оператор анықтамалық-ақпараттық қызмет көрсетуге шектеу қояды;
3.2.10. Осы Шарттың VII-бабында және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздер бойынша Шарт тоқтатылғаннан кейін 3 (үш) жыл ішінде Абонент өзінің Жеке шотындағы қалдық қаражатты қайтару туралы жазбаша талап қоймаған жағдайда, Оператор Абоненттің Жеке шотындағы қаражатты өз кірісі есебіне аударады;
3.2.10. Абонент өзінің дербес деректерін жинауға және өңдеуге берген келісімін кері қайтарып алған жағдайда, Оператор осы Шартты біржақты тәртіппен орындаудан бас тартады;
3.2.11. Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де құқықтарды жүзеге асыру қажет.
3.3. Абонент міндетті:
3.3.1. Осы Шарттың IV-бөлімінде көрсетілген талаптарға және таңдалған Тарифтік жоспарға сәйкес Оператордың Қызметтері үшін төлемді уақтылы және толық көлемде жүзеге асыру;
3.3.2. 30 (отыз) күнтізбелік күн ішінде Операторға өзінің деректемелерінің (тегі, тұрғылықты мекен-жайы және т. б.) және/немесе байланыс деректерінің өзгергені туралы жазбаша хабарлау;
3.3.3. Оператордың сайтында жарияланған Шарттың, Тарифтік жоспарлардың және Қызметтерді ұсыну талаптарының өзгерістерімен уақтылы танысу;
3.3.4. Абонент өзіне берілген логиннің, құпия сөздің (құпия сөздердің) құпиялылығын қамтамасыз ету;
3.3.5. Үшінші тұлғалар мен ұйымдардың Абонент ресурстарын рұқсатсыз пайдалануына жол бермеу үшін өзінің бағдарламалық және аппараттық қамтамасыз етуін дұрыс баптау және пайдалану бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауға міндетті. Атап айтқанда, Абонент компьютерлік «вирустардың» алдын алу шараларын уақытылы жүргізу;
3.3.6. Абонент логинді Шарттың IX бабында көрсетілген логинді тіркеу мекенжайы бойынша ғана пайдалануға міндетті;
3.4. Интернет желісінде деректерді беру және телематикалық қызметтерді пайдалану кезінде Абонентке тыйым салынады:
• Оператордың желісі арқылы Қазақстан Республикасының заңнамасына, сондай-ақ халықаралық заңнаманың талаптарына сәйкес таратуға тыйым салынған ақпаратты жіберуге;
• Абонентке тиесілі емес деректерді беру желілеріне, телематикалық қызметтерге, телефон желісіне, олардың элементтеріне, сондай-ақ компьютерлерге, өзге жабдыққа немесе бағдарламалық қамтамасыз етуге рұқсатсыз қол жеткізуге немесе олардың қалыпты жұмысын бұзуға бағытталған әрекеттерді жасауға;
• Абонентке тиесілі емес компьютерлердің қалыпты жұмысын бұзуға қабілетті немесе құрамында компьютерлік «вирустар» бар ақпаратты немесе бағдарламалық қамтамасыз етуді жариялауға не таратуға;
• Оператордың Қызметін үшінші тұлғаларға немесе ұйымдарға интернет желісіне қол жеткізу қызметтерін ұсыну үшін, сондай-ақ өзге операторлар мен байланыс желілерінен трафик өткізу үшін пайдалануға, сондай-ақ Қызметті коммерциялық мақсаттарда (компьютерлік және ойын клубтары, букмекерлік ұйымдар, бейнебақылау және күзет қызметтерін көрсететін ұйымдар) пайдалануға тыйым салынады. Абонент көрсетілген тармақты бұзған жағдайда, келтірілген залалды (жоғалған пайда) өтеу мақсатында Оператор Шарттың 5.6-тармақшасында көрсетілген айыппұлды Абонентке салуға құқылы;
• Оператордың немесе үшінші тұлғалардың мүдделеріне зиян келтіруі мүмкін әрекеттерді жасау; Оператордың Қызметін пайдалану кезінде Қазақстан Республикасында белгіленген тәртіпке сәйкес сертификатталмаған және Оператор желісінің жұмысқа қабілеттілігін бұзуы мүмкін жабдықты және бағдарламалық қамтамасыз етуді пайдалану;
• желі жұмысының бұзылуына және (немесе) Операторға зиян келтіруі мүмкін өзге де іс-шараларды жүзеге асыру.
3.5. Абонент құқылы:
3.5.1. Абоненттің құқығы бар:
• Оператор, оның жұмыс кестесі және Оператор көрсететін Қызметтер жиынтығы туралы қажетті және дұрыс ақпаратты талап ету;
• Операторға жазбаша түрде немесе Оператор көрсеткен басқа нысанда хабарлау арқылы Қызметтер тізімін, Тарифтік жоспарды өзгерту;
• таңдалған тарифтік жоспардың рұқсат етілген жүктемелері шегінде өзіне қажетті көлемде телекоммуникация қызметтерін пайдалануға;
• интернет желісінде мәтіндік, дыбыстық, бейнелік және аудиовизуалдық ақпаратты еркін таратуға және алуға өз құқығын шектемеуге;
3.5.2. Оператордан Қызметтерді көрсету кезіндегі мазмұн, ерекшеліктер мен шектеулер туралы, Қызметтерді төлеу тәртібі, Оператор қызметтерінің жұмыс кестесі туралы ақпаратты, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының заңнамасында көрсетілген көлемде және тәртіпте өзге де ақпаратты алу;
3.5.3. Авариялық жағдайлар туындаған кезде, Қызметтердің сапасы қанағаттанарлықсыз болса немесе оларды көрсету барысында үзілістер пайда болған жағдайда Абонент бұл туралы клиенттерге қызмет көрсету және сату кеңсесіне жазбаша түрде немесе Оператордың Сайтында көрсетілген телефондар арқылы ауызша хабарлайды;
3.5.4. Қазақстан Республикасының заңнамасында көрсетілген өзге де құқықтарды жүзеге асыру.
IV. ТАРИФТЕР ЖӘНЕ ЕСЕП АЙЫРЫСУ ТӘРТІБІ
4.1. Қызметтерге Тарифтерді Оператор дербес айқындайды. Абонент таңдаған Тарифтік жоспар немесе Акциялық тарифтік жоспар, қызметтер тізбесі, сондай-ақ, осы Шарт бойынша Оператор көрсететін акциялар туралы ақпарат Оператордың сайтында жарияланады және осы Шарттың ажырамас бөлігі болып табылады. Қызметті пайдалану барысында Абонент алдын-ала төлем ретінде енгізген ақшалай қаражаттар Оператор тарапынан қолданыстағы Тарифтік жоспар талаптарына сәйкес есепке алынады;
4.2. Бірінші Стандартты қосылу құны, егер Тарифтік жоспардың шарттарында басқаша көрсетілмесе, таңдалған Тарифтік жоспардың құнына кіреді;
4.3. Қызметтің бір Тарифтік жоспарынан басқа Тарифтік жоспарға ауысу дербес шотта бұғаттаулар болмаған жағдайда және тарифтік жоспар ауыстырылатын айдың соңына дейін қалған күндерге пропорционалды түрде жаңа Тарифтік жоспарды төлеуге жеткілікті қаражат болған жағдайда, сондай-ақ, егер әрбір жеке Тарифтік жоспардың талаптарында көрсетілсе, тарифтік жоспарды ауыстыру үшін төлем болған кезде жүзеге асырылады. Абонент кейбір Тарифтік жоспарлар, Акциялық тарифтік жоспарлар және (немесе) Қызметтер белгілі бір шектеулі мерзім ішінде қолданылуы мүмкін екеніне келіседі және мұндай Тарифтік жоспарларды, Акциялық тарифтік жоспарларды және (немесе) Қызметтерді қабылдай отырып, олардың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін Оператор белгілеген ережелермен, сондай-ақ тиісті Тарифтік жоспарлар, Акциялық тарифтік жоспарлар және (немесе) Қызметтердің қолданылу мерзімдерін есептеу тәртібімен келіседі. Бұл жағдайда, Оператор белгілеген мерзімдерді есептеу немесе олардың аяқталуына қатысты өзге де арнайы ережелер болмаған жағдайда, мұндай барлық мерзімдер Қазақстан Республикасы, Астана қаласының уақыты бойынша есептеледі, ал күндермен, апталармен немесе айлармен белгіленген қолданылу мерзімі Тарифтік жоспарды, Акциялық тарифтік жоспарды және (немесе) Қызметті іске қосу күнін қамтиды және тиісті тәуліктің аяқталуына дейін қалған уақытқа қарамастан бірінші күн болып есептеледі;
4.4. Тарифтік жоспарды ауыстыру Абонент тарапынан «Жеке кабинет» арқылы дербес түрде немесе Операторға жүгіну кезінде тіркеу деректерін растау арқылы жазбаша не ауызша өтініш негізінде жүзеге асырылады. Тарифтік жоспарды ауыстырудың қағидалары мен шарттары Оператордың Сайтында орналастырылады;
4.5. Қызметтер алдын ала төлем негізінде көрсетіледі. Қызметтер үшін төленетін сома шот-фактура берілмей, «Жеке кабинетте» көрсетіледі. Алдын ала төлем - Шартта көзделген тәртіппен енгізілетін Абоненттің Қызметтер үшін аванстық төлемі болып табылады. Абонент Оператордың веб-сайтында орналастырылған төлем нұсқауларына сәйкес аванстық төлем жасай алады. Абоненттің Қызметтер үшін аванстық төлемдері біріншіден Абоненттің төленбеген қарызын өтеу үшін пайдаланылады. Қарыз төленгеннен кейін аванстық төлемнің қалған бөлігі Абонент таңдаған тарифтік жоспарда көрсетілген Қызметтер үшін төлемдерге жұмсалады;
4.6. Абонент Операторға аударған қаражат Оператордың есеп айырысу шотына түскеннен кейін (Оператордың кассасына төлем жасалған сәтте) Абоненттің дербес шотына есепке алынады және Абоненттің дербес шотында (логинінде) теңгемен жүргізіледі;
4.7. Қызметтер үшін алдын ала төлем ретінде енгізілген төлемдер туралы ақпарат Абоненттің «Жеке кабинетінде» көрсетіледі. Абонент ағымдағы ақпаратты уақытылы алып отыру үшін өзінің Жеке кабинетін үнемі тексеріп отыруға міндеттенеді;
4.8. Оператор Абоненттің дербес шотындағы (логиніндегі) қаражат толық пайдаланылған жағдайда немесе кезекті ай сайынғы немесе күн сайынғы абоненттік төлемді алу үшін жеткілікті қаражат болмаған кезде, дербес шот балансы толықтырылғанға дейін Абонентке барлық немесе кейбір Қызметтерді көрсетуді тоқтата тұруға құқылы;
4.9. Осы Шарт бойынша қызметтерге төлем жасау кезінде Абонент тіркеу жқмыстары барысында берілген Дербес шотты (Шарттың логинін, нөмірін) көрсетеді;
4.10. Егер Абоненттің дербес шотының балансы Абонент таңдаған Тарифтік жоспарға сәйкес Қызметтер үшін төлемді шешуге жеткіліксіз болса, Оператор тарапынан Қызметтерді көрсету тоқтатыла тұрады. Қызметтерді көрсету Абонент таңдаған тиісті Тарифтік жоспар талаптарына сәйкес дербес шот балансы толықтырылғаннан кейін қайта басталады;
4.11. Оператордың кінәсінен Қызметті көрсетуге қол жеткізу мүмкін болмаған кезде Шарттың 5.9-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкес Абонент жүгінген жағдайда соңғы есептік кезең үшін Қызметті пайдалануға арналған абоненттік төлемді қайта есептеуді жүзеге асырады.
V. ТАРАПТАРДЫҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ
5.1. Осы Шартты орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін Тараптар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапты болады;
5.2. Оператор шарттық міндеттемелерді орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін Абонент алдында жауапты болады, сонымен қатар, Оператор мен Абонент осы арқылы жауапкершілік Абонентке келтірілген тікелей залал (нақты залал) сомасымен шектелетінінен келіседі және Оператор Абоненттің және (немесе) үшінші тараптардың жоғалған пайда түріндегі ықтимал шығындары үшін жауапты емес екеніне келіседі;
5.3. Егер Оператор өзінің осы Шарт бойынша міндеттемелерін орындамауы немесе тиісінше орындамауы келесі салдардан туындағанын дәлелдесе, Оператор жауапкершіліктен босатылады:
а) осы Шарттың VI бөлімінде көрсетілген жағдайлар;
б) Абоненттің Қазақстан Республикасының заңнамасында және осы Шартта белгіленген міндеттемелерді бұзуы;
в) үшінші тұлғалардың Қызметтерді рұқсатсыз пайдалануы;
г) үшінші тұлғалардың өзге де әрекеттері (әрекетсіздігі);
5.4. Абонент Оператор Қызметтерін пайдалану кезінде өз ақпаратының (оның ішінде логині мен құпия сөздерінің), сондай-ақ, бағдарламалық және аппараттық қамтамасыз етудің сақталуын және қорғалуын өздігінен қамтамасыз етеді және толық жауапкершілікті алады;
5.5. Егер Абонент осы Шарттың талаптарын сақтамаса, Оператор алдын ала ескертусіз Абонентке барлық немесе кейбір Қызметтерді көрсетуді тоқтата тұруға, оның ішінде Абонентті жабдық портынан ажыратуға құқылы. Бұл ретте көрсетілмеген Қызметтер үшін Абоненттен төлем алынбайды;
5.6. Абонент Оператордың Қызметін үшінші тұлғаларға немесе ұйымдарға Интернет желісіне қол жеткізу қызметтерін ұсыну үшін, сондай-ақ, өзге операторлар мен байланыс желілерінің трафигін өткізу үшін пайдаланған жағдайда, сондай-ақ, Қызметті коммерциялық мақсатта (Оператор қызметтерін қайта сату) қолданған кезде, Оператордың жазбаша талап-шағымы негізінде Абонент төменде келтірілген формула бойынша есептелетін айыппұлды төлейді:
(СТ) - (НТ) = S
С – бір ай ішінде заңды тұлға үшін Оператордың тарифтері бойынша Интернетке қол жеткізу қызметін пайдаланудың орташа құны;
Н – бір ай ішінде жеке тұлға үшін Оператордың тарифтері бойынша Интернетке қол жеткізу қызметін пайдалану құны;
Т – Шарттың талаптарын бұза отырып, Қызметті пайдалану айларының жалпы саны; S - айыппұл сомасы.
5.7. Оператор Шарттың 5.6-тармағында көрсетілген талаптардың бұзылуын анықтаған жағдайда, соңғысы Абонентке айыппұл сомасын көрсете отырып жазбаша талап-шағым жолдайды. Айыппұл сомасы Оператор жазбаша талап-шағым ұсынған сәттен бастап 15 (он бес) күнтізбелік күн ішінде Абонент тарапынан төленуі тиіс;
5.8. Оператор жауапты емес:
· Оператор Қызметтері арқылы Абонент жіберетін және қабылдайтын ақпараттың сапасына, мазмұнына және қолданыстағы заңнамаға сәйкестігіне;
· Оператор Қызметтерін тікелей немесе жанама пайдалану және (немесе) Оператор тарапынан мұндай Қызметтердің көрсетілмеуі салдарынан туындауы мүмкін кез келген шығындар, оның ішінде жіберіп алған пайда үшін; сондай-ақ, Абонент Оператор Қызметтері арқылы қол жеткізген басқа ұйымдардың немесе үшінші тұлғалардың тауарлары мен қызметтерін пайдаланғаны үшін;
· Оператордың кінәсінен болмаған Қызметтердің тоқтатылуы немесе
сапасының нашарлағаны үшін;
· үшінші тұлғалар басқаратын жекелеген желілік тораптардың немесе Интернет желісінің ресурстарының қолжетімсіздігі мен шектеулері үшін;
· егер Абонент осы Шартта көрсетілген тиісті мерзімде ескертілген болса, Оператор жүргізетін профилактикалық немесе жөндеу жұмыстары кезінде болған Қызметтердің тоқтатылуы немесе сапасының нашарлағаны үшін;
· Абоненттің рұқсатымен немесе рұқсатынсыз үшінші тұлғалардың немесе
ұйымдардың ақпаратты (Абоненттің аутентификациялық деректерін қоса алғанда) пайдалануы немесе Абоненттің жабдығы салдарынан туындаған кез келген залалдар, оның ішінде жоғалған пайда үшін;
5.9. Оператордың кінәсінен тәулігіне 8 сағаттан астам Қызмет көрсету тоқтатылған жағдайда, Оператор Абоненттің талабы бойынша соңғы есептік кезең үшін әрбір тоқтап тұрған сағатқа Абоненттің ай сайынғы абоненттік төлемінің 1/720 (жеті жүз жиырмадан бір) бөлігін Абоненттің дербес шотына қайтарады, бірақ айлық абоненттік төлем құнынан аспау керек. Қызметтердің болмаған уақыты Абонент Оператордың техникалық қызметіне жүгінген сәттен бастап есепке алынады;
5.10. Осы Шарт бойынша оператордың барлық тікелей және жанама жауапкершілігі осы Шарттың 5.2-тармағын қолданумен ғана шектеледі;
5.11. Абоненттің аты мен құпия сөзін пайдалана отырып, өзі не басқа да жеке немесе заңды тұлғалар жасаған барлық іс-әрекеттер үшін жауапкершілік толығымен Абоненттің өзіне жүктеледі;
5.12. Абонент «Жеке кабинетте» Абоненттің логині мен құпия сөзі арқылы жүргізілген барлық іс-әрекеттер үшін, оның ішінде Тарифтік жоспарлардың өзгеруіне (қымбаттауына/арзандауына), қосымша қызметтерге тапсырыс беруге және сатып алуға әкеп соққан іс-әрекеттер үшін жауапты;
5.13. Шартты қолдану кезеңінде қажеттілік болған жағдайда, Оператор Абонентке клиенттік, жиынтықтаушы жабдықты уақытша ақылы пайдалануға (жалға) береді. Берілген жабдық үшін Абонент толық материалдық жауапкершілік алады, оны растау үшін Тараптар жабдықты қабылдау-тапсыру актісі құрылады, онда жабдықтың бүлінуі немесе жоғалуы үшін Абоненттің жауапкершілігі көрсетіледі. Жабдық жоғалған немесе бұзылған жағдайда, Абонент оның толық құнын Операторға өтеуге міндетті.
VI. ФОРС-МАЖОР ЖАҒДАЙЛАРЫ
6.1. Тараптар форс-мажорлық жағдайлар немесе Тараптардың бақылауынан тыс және Тараптардың осы Шарт бойынша міндеттемелерін орындауына әсер ететін басқа да жағдайлар туындаған кезде, егер мұндай жағдайлар туындаған сәттен бастап 10 (он) күн ішінде және байланыс мүмкіндігі болған кезде олардың әсерінен зардап шеккен Тарап екінші Тарапты олардың басталуы туралы хабардар етсе, осы Шарт бойынша міндеттемелерді орындамағаны үшін жауапкершіліктен босатылады.
6.2. Форс-мажорлық жағдайлар ретінде табиғи апаттар, жаппай тәртіпсіздіктер, ереуілдер, әскери іс-қимылдар, заңнамалық актілердің, үкімет қаулыларының, мемлекеттік органдардың осы Шартта көрсетілген қызмет түрлерін тікелей немесе жанама түрде тыйым салатын не осы Шарт бойынша міндеттемелерді орындауға кедергі келтіретін өкімдерінің күшіне енуі жатады;
6.3. Форс-мажорлық жағдайлар туындаған жағдайда, осы Шарт бойынша міндеттемелерді орындау мерзімі мұндай жағдайлар аяқталғанға дейін, кез келген шығындарды өтемей ұзартылады.
VII. ШАРТТЫҢ ҚОЛДАНЫЛУ МЕРЗІМІ, ОНЫ ЖАСАУ ЖӘНЕ БҰЗУ ТӘРТІБІ
7.1. Барлық Қосымшалар мен қосымша келісімдер осы Шарттың ажырамас бөліктері болып табылады және жазбаша түрде ресімделуі тиіс;
7.2. Шарттың қолданылу мерзімі таңдалған Тарифтік жоспарға сәйкес осы Шарт бойынша Абоненттің Дербес шотына (логиніне) аванс түскен сәттен басталады. Бұл ретте, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында басқаша көрсетілмесе, Абоненттің дербес деректерін жинауға және өңдеуге келісім оларды жинау және өңдеу мақсаттары үшін қажетті мерзім ішінде қолданылады;
7.3. Шарт белгісіз мерзімге жасалды;
7.4.Шарттың қолданылуы осы Шарт талаптарында көрсетілген негіздер бойынша немесе Тараптардың келісімімен, Шартты бұзу болжанған күнге дейін 30 (отыз) күнтізбелік күн бұрын жазбаша хабарлама жолдау арқылы мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін. Бұл ретте Шарттың қолданылуын тоқтату Абонентті Оператордың бөлінген портынан ажыратуды да білдіреді;
7.5. Оператор кез келген уақытта келесі жағдайларда Шарттан біржақты тәртіппен бас тартуға құқылы:
7.5.1. егер Интернетке қол жеткізу қызметтерін көрсетуге қатысты талаптардың бұзылуына байланысты Абонентке Қызметтер көрсету тоқтатылса және бұл бұзушылықтар Абонентпен түзетілмесе;
7.5.2. егер Интернетке қол жеткізу үшін көрсетілген қызметтер үшін төлем мерзімінің бұзылуына байланысты Абонентке Қызмет көрсету тоқтатылса және Абонент өз міндеттемелерін орындамаған күннен бастап 30 (отыз) күнтізбелік күн ішінде көрсетілген қызметтер үшін төлем жасау міндеттемесін орындамаса;
7.5.3. Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларында және осы Шартта көрсетілген басқа да жағдайларда;
7.6. Осы Шартты бұзу Тараптарды өзара есеп айырысулар жүргізу міндетінен босатпайды. Абонентке төленген қаражат көрсетілген қызметтер құнын шегере отырып, Абоненттің қайтару туралы өтініші тіркелген күннен бастап 30 (отыз) күнтізбелік күн ішінде қайтарылады. Егер Шарт бұзылған сәттен бастап 6 ай ішінде Абоненттен дербес шоттағы қалдықты қайтару туралы жазбаша өтініш түспесе, Оператор Абоненттің дербес шотындағы қалдық соманы есептен шығаруға құқылы;
7.7. Шарт бұзылған сәтте Абонентке Қызметтерді көрсету үшін пайдаланылған Оператор ресурстары босатылуы мүмкін, бұл Абоненттің ақпаратын жоғалтуға әкеп соғуы ықтимал;
7.8. Тараптар осы Шартта айтылмаған жағдайлар болса Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әрекет етуі тиіс;
7.9. Оператор қайта ұйымдастырылған жағдайда (оның ішінде атауы, деректемелерінің өзгеруі және т.б.), сондай-ақ, осы Шарт пен оған Қосымшалар талаптарына қандай да бір өзгерістер енген жағдайда Оператор енгізілген өзгерістер туралы хабарламаны Оператордың Сайтында ақпаратты жариялау арқылы жолдайды. Қайта ұйымдастыру (оның ішінде атауының, деректемелерінің өзгеруі және т.б.) кезінде Шарт қайта жасалмайды, осы Шарт бойынша барлық құқықтар мен міндеттер құқық мирасқоры болып табылатын компанияға беріледі.
VIII. БАСҚА ШАРТТАР
8.1. Осы Шарттың талаптарымен реттелмеген барлық жағдайларда Тараптар Қазақстан Республикасының заңнамасын басшылыққа алады;
8.2. Осы Шарттың қолданылу кезеңінде туындайтын барлық даулар мен
келіспеушіліктерді Тараптар келіссөз жүргізу жолымен шешуге келіседі. Мұндай жолмен шешілмеген жағдайда даулар мен келіспеушіліктер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көрсетілген тәртіппен шешіледі;
8.3. Осы Шарт бірдей заңды күші бар мемлекеттік және орыс тілдерінде жасалды;
8.4. Осы Шарт барлық Абоненттерге қолданылады және осы Шарт Оператордың сайтында орналастырылған сәттен бастап Интернетке қол жеткізу қызметтерін көрсетуге бұрын жасалған Жария шартты ауыстырады;
8.5. Қысқа мәтіндік хабарламаларды жаппай жіберу немесе Оператордың Сайтында осы Шарт жарияланған сәттен бастап 30 (отыз) күнтізбелік күн ішінде Абонент 7.4-тармаққа сәйкес Шарттан бас тарту туралы өтініш беруге құқылы. Көрсетілген мерзімде Операторға бас тарту туралы өтініштің түспеуі, сондай-ақ, Абоненттің Оператор Қызметтерін пайдалануы Абоненттің осы Шартты сөзсіз қабылдағанын білдіреді.